Елордада XIV халықаралық «Евразия» кинофестивалі өтеді

Шілде айының алғашқы күндері елордада XIV халықаралық «Евразия» кинофестивалі өтеді. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Бұл Орталық Азияда өтетін ең ауқымды кинофорум болмақ. Кинопродюсерлер қауымдастығының халықаралық федерациясы мақұлдаған конофестиваль әлемдегі үздік 35-тің тізіміне кіреді. Оған әр жылдары Америка, Еуропа, Азия және Африканың танымал кинематографистері мен әртістер келген. Биыл Қазақстан Канн фестиваліне екінші жыл қатарынан қатысып, ұлттық павильонын жасақтады. Франциядағы шара барысында халықаралық «Евразия» кинофестивалінің жетекшісі Айман Мұсақожаева Канн вице-мэрі Франк Шиклимен кездесті. Қос тарап екі елдің мәдени байланыстары мен кинематография және туризм саласындағы мүмкіндіктерін талқылады. Өз кезегінде Айман Мұсақожаева Қазақстанда киноөндіріс саласында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік мол екенін жеткізді.

Франк Шикли, Канн қаласының вице-мэрі: - Өзара әріптестік орнатудағы бағыттың бірі мәдениет саласы. Қазірдің өзінде қаламызда қазақ өнерін ұлықтайтын фестиваль өтіп, ұлттық мәдениетінің бай әрі сан қырлы екенін танытты. Қазақстан мен Канн қаласының кәсіпкерлері де бір-бірімен тығыз байланыс орнатқанын қалаймыз. Осындай іс-шаралар екі жақты ынтымақтастықты арттыруға кеңінен жол ашатынына сенімдімін.

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/240166-elordada-xiv-khaly-araly-evraziya-kinofestivali-tedi
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz